вторник, 30 октября 2007 г.

Әлемге танылған фотошебер Мэлс Елеусін Ақтауда



Әлемге танылған фотошебер

Мэлс Елеусін Ақтауда көрмесін өткізді

Ақтауда «Әлем» арт-галереясында белгілі фотошебер, Халықаралық фотоөнер федерациясының, Еуропа фотоөнер қоғамының мүшесі, қазақтан шыққан бірінші дипломды фотожурналист Мэлс Елеусіннің «Қазақ елі» атты көшпелі фотокөрмесі өтті. Бірнеше халықаралық конкурстың лауреаты болған, туындылары шетелдердегі ең беделді басылымдарда жарияланған, он жылдың үстінде Кеңес Одағының телеграф агенттігінде (ТАСС) Орта Азия бойынша тілшісі болып қызмет істеген, осы кәсіпке бүкіл ғұмырын арнаған Мэлс ағамызбен осы көрме барысында сұхбаттастық.

-Мэлс аға, естуімізше, Адай ата ұрпағы көрінесіз. Осы рас па?

-Рас. «Адай ата кесенесі ашылады» деген хабардың мені Алматыдан ат терлетіп осында алып келгені де содан шығар. Сол тойдан түсірілген алты сурет осы көрмеде тұр. Олжашы Жеменеймін. Әкем Ақтөбенің Байғанин ауданынан Қарақалпақ жеріне қоныс аударып, сонда малшыдан бастап министр дәрежесіне дейін көтерілген. Мен тоғыз баланың ең соңғысы болып, 1940-жылы дүниеге келіппін. Содан бері атакүлдікке бірінші рет аяқ басып отыр екенмін. Шүкір, бұл жақтан да ағайын-жегжаттарымды тауып алып, мәре-сәре болып жатырмын.

-Фотожурналистік кәсіпке қалай келгеніңізді, одан бергі шығармашылық жолыңызға қысқаша бір шолу жасап өтейікші?

-Фотоаппаратты қолыма ерте ұстадым. Мектеп қабырғасында жүріп шұғылдана бастадым. Ол жылдары мектеп оқушыларын мақта теруге жіберетін. Сондайдан тапқан бірінші табысыма фотоаппарат сатып алыппын. Содан бері қолымнан фотоаппарат түскен емес. Нөкіс Мемлекеттік университетін, одан соң Мәскеудегі Бүкілодақтық фотоөнер академиясын бітіріп шықтым. ТАСС-тың Орта Азия бойынша тілшісі болдым. Кейіннен Алматыға қоныс аударып, ҚазТАГ-та, белді-белді республикалық газет-журналдарда жұмыс істедім. Қазір «Қазақстан темір жолы»Ұлттық компаниясының «Магистраль» журналында жұмыс істеп келемін. Басқа кәсіп істеп көргенім жоқ, өмірлік серік еткенім – осы болды.

-Кезінде Италияда шығарылған «Ғасыр кітабы» атты басылымға енген Сіздің суреттеріңіз әлемдік деңгейде жоғары бағаланды. Қазақ фотожурналистикасында осыншама құрметке ие болған бірінші қазақ Сіз екенсіз. Шетелдік талғампаз, талапшыл сарапшыларға танылуыңыз қалай болды?

-«20 ғасырдың таңдаулы фотошеберлері» атағы үшін сол конкурсқа әлемнің 50 елінен түскен 1670 суреттен тек 260-ы ғана іріктеліп алынып, сол басылымға енді. Менің «Арал тағдыры – адамзат тағдыры» атты сериям жоғары бағаланып, маған «20-ғасырдың таңдаулы фотошебері» атағы берілді. Одан бұрын да, кейіннен Германия, Австрия, Нидерланды, Англия, басқа да елдердің айтулы-айтулы басылымдары суреттерімді жариялады, көрмелерге қойды. Алайда, өз басым шет елдерге шыға алмадым, суреттерім ғана шығып жатты. Өйткені, табиғаттан дарыған қарапайымдылық атақ үшін, ақша үшін жан алысып, жан беріскен додаларға түсіртпеді, жұлқынып шығып, кеуде көрсеткізбеді. Қаншама танымал журналист болсам да тапқан табысым күнкөрісіме ғана жетіп жататын. Әлі солай болып келеді.

-Ақшаға байланысты бір сұрағымды жол-жөнекей қыстыра кетейін. Фотоны бизнеске айналдырмасқа болмайды, онсыз күн көре алмайсың деген қағида бар. Сіз олай деп ойламайсыз ба?

-Дұрыс қағида. Шындығы солай. Бірақ, қай жерде де адамдық келбетіңді ұмытуға болмайды. Сататын болсаң, өзіңе ұнайтын, сапалы, эстетикалық талғамға толық жауап бере алатын, көрген адам сүйсінетін суретіңді сат. Яғни, тұтынушыға сапалы тауар ұсын. Ақшаға құнығып кетуге болмайды, ол жақсылыққа апармайды. Мен пейзажист емеспін, фоторепортермін. Бұл жанрдағы суреттерді жеке адамдар сатып алмайды. Ал, қазіргі басылымдар негізінен жарнамалық бағыттағы және тапсырыспен түсірілген суреттерге әуес. Ал, мен өзімді толғандырған немесе қызықтырған, сезім қылын шерткен тақырыптарды ғана қозғағанды ұнатамын. Өзім жақтырмаған тақырыпқа бара алмаймын.

-Сіздің бүгінгі көрмеңізде Елбасы бейнеленген суреттер көп екен. Бұл жәйдан-жай емес шығар?

-Біз – құрдас адамдармыз. Ол кісіні әуелден білемін, жақсы көремін және сыйлаймын. Кейбір отбасы мерекелерін суретке түсіруді тек маған тапсырып жүрді. Кезінде Н.Хрущевті де, Л.Брежневті де, М.Горбачев, Б.Ельцин, С.Демирель, Ш.Рашидов сияқты әлемге танымал саясат серкелерін де суретке түсірдім, кейбірімен жақын танысып, сөйлестім де. Бірақ, мен үшін Дінмұхамед Қонаев ақсақал мен Нұрекеңнің орны бөлек. Адами тұлғасымен бөлек. Менің бұл көрмем «Қазақ елі» деп аталады. Ал, қазіргі заманғы қазақ елі үшін Назарбаевтай еңбек сіңірген кім бар?

-Президент Назарбаев емес, қарапайым Нұрекең өмірде қандай адам? Оқырманымызға қызықты болар, осы жағын бір әңгіме қылсаңыз, жақсы болар еді.

-Тіпті қарапайым да кішіпейіл. Суретке түсіретін кезде «Қалай тұрайын, қай жерге тұрайын» деп те сұрап жататын. Кісімен үлкен-кіші демей жақсы әңгімелеседі, мұқият тыңдайды, жарасымды әзілдейді. Оның біреуді не бірдемені жақтырмай томсырайып жүргенін көрген емеспін. Балажан, тарих-шежіреге құмар, өнерді түсінетін, жақсы көретін адам.

-Фотожурналистік жолыңызда қатты өкінген, опық жеген сәттеріңіз болды ма?

-Ондай жекелеген сәттер толып жатыр. Кейбір сәттерді қапы жіберіп, дәл қажет секундында суретке түсіре алмай қалған кезде жүрегің шаншып кетеді. Бәрінен де керемет сәтті түсірілген, шетелдік басылымдар аса жоғары бағалаған суреттердің пленкасынан айырылып қалған жаман. Сондайда шал басыңмен еңіреп жылағың келеді. Мен де бірнеше қайталанбас кадрларымнан айырылып қалдым. Бірақ, тұтастай алғанда менің өмір жолым осылай қалыптасқанына тіпті де өкінбеймін. Шындығына келсек, фотожурналистің еңбегі тым ауыр, кезінде бір ғана кадр үшін мыңдаған шақырым жол жүріп жүрдік. Бірақ, сол еңбегіміз үшін алатын жалақымыз тым аз болды. Сонда да сол бір ғана кадр сәтті түсірілсе, соған марқайып, жалымыз күдірейіп жүретін. Рас, осыншама ауыр еңбекпен мен байып кете алмадым, балаларыма мұра қылып, тастап кетер жеке коттеджім де, қымбат көлігім де, бір компаниялардағы акцияларым да жоқ. Әлі күнге төрт бала, үш немереммен, жұбайыммен баяғы «хрущевкада» тұрамыз. Бірақ, мен атыма кір келтірмей, адал еңбекпен жиған азғантай мал-мүлкіме қанағаттымын. Асымда адал іштім, ақшамды адалға жұмсадым, балаларымды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиеледім. Бәрі де қазір ел қатарлы адал еңбек етіп жүр. Біреуі жолымды қуып газетте фототілші болып жұмыс істейді. Жақсы адамдардың жанында жүрдім, жақсылыққа жаршы, табиғатқа жанашыр болдым. Сондықтан, өмірде опық жедім деп айтпаймын.

***

Аталмыш көрмеге түгелге жуық репортаж жанрына жататын жүзшақты суреті қойылыпты. Сонау 60-жылдары түсірілген суреттерімен қоса кеше ғана өткен Адай ата тойы бейнелеген суреттер де бар. Осы суреттердің өзі фотошебердің өмір жолы туралы шыншыл сыр шертіп тұр.

Мэлс Жанжігітұлының жасы жетпіске жақындаса да өңі жас, қимылы ширақ, елгезек екен. Кісімен ашық, жылы сөйлеседі. Қоштасар сәтте: «Маңғыстауға бірінші рет келуім болса да туған үйіме келгендей әсер алып отырмын. Алла тағала бұйыртса, әлі талай келермін. Оқырмандарыңызға сәлем айтыңыз, баршасына аманшылық, табыс, мәнді де мазмұнды, жарасымға толы ғұмыр тілеймін» деп, иығымнан қағып, қолымды қысты.

Айсағали ҚЫДЫР.

пятница, 5 октября 2007 г.

Фотосуретшi А.Устиненко:«МАҢҒЫСТАУДЫ ӨЗ ПЕРЗЕНТІ ҒАНА ЖЕТКІЗЕ СУРЕТТЕЙ АЛАДЫ...»


Жақында Ақтауда елімізге белгілі фотошебер Анатолий Устиненконың 60 жасқа толуына орай оның жеке көрмесі ашылғанын газетіміз жазған болатын. Шебердің осы сапарында онымен бірталай әңгімелестік. Бұндайда, әрине, әңгіме өнер, фото өнері жайында болатыны сөзсіз. Сол әңгімелерді қысқаша түйіндеп, сұхбат түрінде оқырманға ұсынуды жөн көрдім. Тек фото өнері ғана емес, қай өнердің де тағдыры ұқсас. Ол өнердің жолына түскен адам халыққа танылғанша талай қиындық-кедергіден өтуі тиіс. Ол – жазылмаған заң. Фотошебердің әңгімелерінде өнер жолына түскен адамға сабақ боларлық талай ғибрат бар екен. Тағлым болар деп ойладым...

-Анатолий Васильевич, Сіз бүгінде белгілі адамсыз, аты үлкен әріппен жазылатын Ше-

берсіз. Осы жолға қысқаша шолу жасап көрсек қайтеді?

-Болады. Павлодарда дүниеге келдім. Фотоаппаратты мектеп жасында алғаш қолға ұстадым.

Содан бері айрылмас серік болып келеді. Ата-анам мен достарымды, таныстарым мен бейтаныстарды, тауықтарым мен итімді суретке түсіруден бастадым. Бара-бара суреттің мазмұнына, көркемдігіне мән бердім. Суретім қараған адамды ойландыратындай етуге

тырыстым. Одан кейін, ол суреттер тамсандыратындай қылғым келді. Көрмелерге қатысып, жүлде алғым келді. Міне, жол содан басталды. «Генерал болғысы келмеген солдат – солдат емес» деген осы...

Содан соң армия, аудандық, облыстық газеттердегі фототілшілік, республикалық басылым-

дар, ҚазТАГ, ТАСС, Интерфакс, Елбасының жеке фотосуретшілігі... Халықаралық конкур-стар, жүлделер... Шет елдер, саяхаттар...

Міне, сонымен жүріп алпыс деген жасқа да келіп қалыппыз. Журналистер жиі қоятын бір сұрақ бар: «Қалай шебер болдыңыз?» дейді. Сөздің шыны керек, мен өмірімде басқа кәсіп істеп көрген жоқпын. Осы өнерді сүйдім, өмірлік серік қылдым, оның бар қиындығына

төздім. Тоқтап қалғаным жоқ, ілгері ұмтылдым. Сондықтан, менің шеберлігім – құдай дарытқан қасиет пе, әлде, еңбекқорлықтан жиналған тәжірибе ме, өзім де айыра алмаймын. Сірә, соңғысы шығар.

-Жаңа айтқандай, қаншалықты белгілі, беделді адам болсаңыз да, бір көрген, тіл-

дескен танысыңызды ол басшы болса да, малшы болса да, екінші көргенде құшақтап амандасып жатасыз. Сондықтан, Сізбен танысқан әр адам Сізді «досым» деп жүреді. Қарапайымдылық – бойға біткен қасиет пе әлде қалыптасқан дағды ма?

-Екеуі де. Қазіргі дәрежеме біреудің қолдауымен, көтермелеуімен емес, ауыр еңбекпен

жеттім. Сол еңбегіммен жиналған тәжірибемнің арқасында Елбасының жанында да, әлемдік

деңгейдегі тұлғалардың бірқатарының жанында да жүрдім. Сонымен қатар жайлауға шығып,

ағаш үйде малшымен u1073 бірге дәмдес болдым. Шахтаға түсіп, көміршінің қайласын ұстадым, Тайландта балықшылармен бірге ау тарттым, Австралияда қолтырауын аулау-шылармен бірге балшық кештім, тағысын тағы адамдармен жолдас болдым. Айсағали,

осылайша 40 жылдық еңбек жолымда көзім анық жеткен нәрсе – адамның адамнан артық-шылығы жоқ, тек оның өмір жолдары ғана әртүрлі қалыптасады. Кез-келген адам өнерді жақсы көреді, жер жүзінде қаншама мың кәсіп болса да, солардың бәрі өнердің айналасында топтасады. Әркім өзінше сыншы, өзінше талғамы

бар. Маған үйірсек болған адам – менің өнерімнің тұтынушысы әрі сыншысы. Ендеше, олармен дос болудан мен неге қашамын? Шала таныс адамдар мені «дос» десе, менің дәрежем одан өсе түспей ме? Демек, менің жаман адам болмағаным ғой?

-Адам болғасын оның жақсы-жамандығы атқаратын қызметімен, ақшасының аз-

көптігімен емес, адамдық қасиетімен өлшенеді демексіз ғой. Кез-келген адам өнерді

жақсы көреді дейсіз, ал, сол өнерді бағалай ма? Біздің елімізде.

- Неге бағаламасын? Рас, кез-келген туынды халықтың көңілінен шыға қояды деп дәмеленіп керегі жоқ, халық талғампаз. Бірақ, Айсағали, есіңде болсын, әр өнер адамы өз аудиториясын таба білуі тиіс. Музыканы түсінбейтін адамдар болады, оларға жаңа шығарған әніңді бағалата

алмайсың. Живописті түсінбейтін адамдар болады, олар үшін Ван Гогтың картинасы мен менің шатпақтағанымның арасында айырмашылық жоқтың қасы. Ал, фото өнері – өнер ретінде Батыста қашаннан жоғары бағаланып келсе де, посткеңестік елдерде өнер ретінде енді ғана қалыптасып келеді. Сондықтан, біз үшін өз аудиториямызды табу қиындау. Сен өз

көрмеңді ұйымдастырдың, қалай қабылданды?

-Менің көңілім толмады. Жаңағы сіздің айтқаныңыздай, өз аудиториямды таба алмаған сықылдымын.

-Міне, міне... Жаңа көрініп келе жатқан живописші де, жаңа көрініп келе жатқан фотосуретші де алдымен өз қауымына, яғни, өнер адамдары мен сыншыларына танылып алуы керек. Олардың сынын есту керек, олардың мақтауын есту керек. Бұл үлкен сабақ болады, болашақта қателеспеуге жақсы. Сенің өз мақсатың болды, алда қолға алғалы отырған жобаң бар, сондықтан қолыңнан не келетінін іс басында отырған лауазымды тұлғаларға көрсетуің керек болды. Сондықтан, аудитория жөніндегі әңгімені бұл жерде айтпауға да болар. Бірақ, біз екеуміз тәжірибелі мамандармыз, өнерге жаңа келген жастарға осыны айтуымыз керек.

-Сіз үшін фото – өнер ме, бизнес пе?

-Екеуі де. Фотосуретшілікке тек өнер ретінде қарап, тек әсемдік, жан ләззаты үшін айналыссаң, күн көре алмайсың. «Досыңды шығынға батырғың келсе, оған фотоаппарат сыйла» деген сөз бар, нағыз шын сөз. Бұл өнер – қымбат хобби. Сиқыры бар, бір еліктің екен, тоқтау қиын. Бірақ, кәдімгі суретші құсап, кенепке бояу жағумен шектеле алмайсың, қымбат аппаратура керек, қымбат линзалар керек, суретті халыққа көрсету үшін үлкен қылып шығару

керек, рамкалар керек, қысқасы, керек зат таусылмайды. Оның бәрі ақша! Бұл өнерге басың бір байланды екен, тақырға отырғың келмесе, бизнеске айналдыруға тура келеді. Немесе, басқа бір табысты кәсіппен айналыса жүріп, тек қол боста ғана ермек қылумен шектелу керек. Ал, менің қолымнан басқа кәсіп келмейді, бұл – мен үшін әрі кәсіп, әрі өнер. Бір танысым айтатын, «Фотоаппараттың қорабына: «Абайла, шығынға батырады!» деген

ескертпе жазып қою керек» деп. Шын сөз.

-Жас фотосуретшілер арасынан Астанада, Алматыда, басқа өңірлерде сізге бәсекелес бола алатындар бар ма?

-Толып жатыр. Қазіргі жастар шетінен талантты. Бәрін тізіп айтпай-ақ қояйын. Өзің жақсы білетін Андрей Астафьев деген жігіт бар. Ол археолог, фотосурет – ол үшін күнкөріс көзі емес. Бірақ, суреттері тамаша, шебер жігіт. Аз түсірсе де мәз түсіреді. Жалпы, Маңғыстау

– фотосуретші үшін нағыз Клондайк, ерекше өлке. Мен бұл жаққа сонау Алматыдан арнайы келіп апталап жүріп аралап жұмыс істеп кетемін. Кешегі көрмеге қойылған 60 сурет – сол жұмыстарымның бір бөлшегі ғана. Бірақ, Маңғыстаудың бар сұлулығы мен асқақтығын, байлығы мен бағасын жалғыз Устиненко түгел көрсете алмайды. Осы кезге дейін бұл өлкенің өз Устиненкосы шықпай жүргеніне таңғаламын. Бірақ, шығатын шығар. Сөзсіз шығады. Бірақ, мен қызғанбаймын. Мен бұл өлкені қанша қадірлеп, жақсы көргеніммен, бұл жердің өз перзентіндей жүректен шығара жүректерге жеткізе алмауым мүмкін. Маңғыстаулық жас

фотоәуесқойларға да айтарым осы...

Сұхбаттасқан – Айсағали ҚЫДЫР.

* * *

Басқа да фотоәуесқойларға берері болар деп жариялап отырмын. А.Қ.

700 жылға тарта тарихы бар

Күні кеше әріптесіміз Айсағали Қыдыр мен Ираннан оралған оқымысты бауырымыз Нияз Тобыштың бірлесіп шығарған «Тотынама» атты кітап қолымызға тиді. Әріптесімізді осы жаңалығымен құттықтай отырып, оқырмандарымызға қызықтыболар-ау деген бірнеше сұрақ қойып едік…

-Айсағали, Нияз екеуіңіздің кітабыңыз құтты болсын. Бірақ, бұл кітаптың басқа кітаптардан гөрі жолы өзгешелеу сияқты…

-Дұрыс айтасың. Бұл кітапты біздікі деуге бола қоймас. Кітаптың алғысөзінде жазғанымыздай, «Тотынаманың» тарихы тым әріден басталады. Бұл кітап о баста алғаш рет көне үнді тілінде жазылып, жарық көрген. Хижраның 730- жылында, қазіргіше айтсақ, сонау 1340 жылдары оны парсының Зияеддин Нахшаби деген ақыны парсы тіліне аударыпты. Бүгінде дүние жүзінің бірнеше тіліне аударылып, жүздеген мың данамен тарап кеткен « Тотынаманыњ» мына данасының шыққанына да 100 жылдан асқан екен. Осы ескі кітап маған әкемнен мұраға қалған. Өмір бойы теңізші болған, мен үш жасқа толған кезде бақилық болып кеткен әкемнің маған қалдырған мұрасы осы сияқты үш-төрт кітап болыпты. Сауатсыз шешем бұлардың не кітап екенін тап басып айта алмады. «Әкең тоты құс туралы әңгімелер айтып отыратын еді» деген сөздерді жас кезімде айтатын сияқты еді. Кейінірек бұл кітаптарды «Құран» деп, биігірек жерге іліп қойып жүрді. Мен он алты жасқа келгенде шешем де ақіреттік сапарға аттанып кетіп, одан соң мен кітаптардан көз жазып қалдым. Араға аттай жиырма бес жыл салып, ойда жоқта сол баяғы күйінде, тозығы жеткен ақ матаға оралған сол кітаптарды қолға қайта түсірудің сәті түсті. Арабша жазылған сол кітаптарды оқымысты бауырымыз Ниязға көрсеттім. «Мынау – Құран,- деді бірін ашып көріп,- Мынау араб қарпімен татарша жазылған, ғашықтық туралы әңгімелер екен, әттең, не басы, не аяғы жоқ дүние болып шықты. Ал мынауың салмақты нәрсе. Парсыша жазылыпты. Аты- «Тотынама». Көне шығыс әдебиетінің ең құнды мұраларының бірі» -деп «Тотынаманың» тарихын айтып берді. Содан соң екеуміз ол парсыдан аударып, мен әдеби өңдеп, кітап қылып шығаруға келістік. Журналисте тыным бар ма, уақыт тапшылау болып, жыл жарымда зорға дайындап, шығарған түріміз.

-Небары 100 данамен шығыпты ғой?

-Соған да шүкір. Ақша таба алмадық. Мынаны Ақтау мемлекеттік университеті өз қаржысына, өз баспасынан басып шығарды. 100 дананың сексенін өз кітапханаларына таратқалы отыр. Қалған жиырмасын Нияз екеуміз бөліп алдық. Қазір қолымызда бір-бір данадан қалыпты, қалғандарын жақсы көретін ағаларымызға сыйлаппыз.

-«Тотынама» деген кітап қазақ тілінде бұрын да жарық көрген деседі ғой?

-Солай деседі. Бірақ таба алмадық. Бірақ, білетін ағаларымыз ол кітап кеңестік идеологияға сай діни мағыналарынан жұрдай боп айырылған, тек «Мың бір түн» сияқты аңыз әңгімелер түрінде ғана қалған дейді. Біз парсыдан бізге жеткен кітаптың бір де бір сөзінің мағынасын өзгертпей, діни тағлымдарын сол күйінде сақтадық. Осы күйінде ол өте бағалы, құнды кітап деген бағасын беріп отыр ағаларымыз.

-«Айсағалидың тілі шұрайлы, әдемі жазылыпты» деп мақтап жатыр.

-Рахмет. Еңбегіңді жақсы бағалағанға не жетсін.

-Енді оны көбейтіп бастыру керек. 100 дана деген дым емес қой.

-Нияз екеуміз де жалақыға ғана күнелтіп жүрген адамдар екенімізді білесің ғой. Қаражат жағы жетпейтін болды. Меценаттар табатын шығармыз, қалың оқырман қауымның игілігіне бере алармыз деп үміттеніп отырмыз.

-Сенің өзіңнің де бір кітабың дайын тұрған сияқты еді. Былтыр бастырам деп талаптанып жүр едің, арты не болды?

-Дым болған жоқ. Сол қаражат жоқтықтан бастыра алмадым. «Әттең тонның келтесі-ай» -деген осы, бауырым. Шынымды айтсам, «Тотынаманы» шығаруға көмектесетін адам табарыма сеніп отырған жоқпын. Өз кітабыма қайғырып отырғаным жоқ, ақыр басылар. Бірақ, діни ғибраты, имандылық тағлымы бар «Тотынаманың» елге тезірек тарағанын құдайдан тілеп отырған жайымыз бар.

-Кітапты компьютермен құрастырып, түгелдей баспаға дайындаған өз ұлың Талғат екен. Бұл оның тырнақалдысы ғой, солай ма?

-Иә, өзімізде дизайнер-бет құрушы болып істеген тәжірибесі бар ғой. Қазір шетелдік компанияда Ай-Ти оператор болып істейді.

-Оған да бұрынғы әріптестерінің «құтты болсын» деген ақ тілегін жеткізгейсің. Енді «Тотынаманың» кемі 3 мың данамен жарыққа қайта шығар күнінде бірге тойлайтын болайық, Айсеке. Еңбектеріңіз жансын.

Г.Балманова

«Маңғыстау»

* * *

Бұл сұхбат «Маңғыстау» газетінде 2005-жылдың қазанында шықты. Өкінішке орай, «Тотынама» әлі шыққан жоқ. «Әттең, тонның келтесі-ай...»

ФОТОӘУЕСҚОЙ-2

Цифрлы фотоаппараттар шыққанға дейін үстемдік еткен пленкалы фотоаппараттар негізгі екі топқа бөлінді. Олар – кадр көлемі 24х36 мм болатын кіші форматты және кадр көлемі 45х60 немесе 60х60 мм болатын, жалпақтығы 60 миллиметрлік пленка қолданылатын орта форматты аппаратура. Орта форматты аппаратураны, көлемі кемінде 6х9 сантиметр немесе одан да үлкен фотопластиналар салып түсіретін үлкен форматты аппаратураны көбіне осы өнерді ақша табу жолына айналдырған кәсіби фотографтар қолданды. Кадр көлемі үлкен болғасын одан шығарылатын сурет сапасы да кіші форматтағыдан әлдеқайда жоғары, бірақ бұлар ауыр әрі қымбат келетін. Сондықтан, қалың көпшілік кіші форматты фотоаппараттарды пайдаланды. Кәдімгі пленка салып түсіретін Зенит, ФЭД, Зоркий, Киев, Силуэт, т.т. сияқты фотоаппараттарды кім білмейді, міне, осылардың бәрі де кіші форматты аппараттарға жатады. Бүгіндері дүкендерде толып тұрған ауызекі тілде «мыльница» деп аталып жүрген шетелдік компакт-камералар да осындай кіші форматты аппараттар.

Цифрлы фотоаппараттарды да осылайша форматтарға бөлуге болады. Бірақ, бұларда пленка пайдаланылмайды, оның орнында объектив арқылы түскен кескінді қабылдап, электронды түрде тіркеп отыратын матрица қолданылады. Бұл матрицалардың көлемі пленка кадрынан көп кіші. Шынымды айтсам, көпшілік қолданып жүрген цифрлы компакт-камералардың матрицаларының көлемінің дәл өлшемін білмеймін де. Ал, фотоны хобби қылып жүрген әуесқойлар көбірек қолданатын, ал кәсіби фотографтардың басты құралы болып табылатын айналы ( зеркальный) фотоаппараттардағы матрицалардың көлемін жақсы білемін. Мысалы, Nikon, Pentax, Sony фирмаларының көпшілік қолды айналы фотоаппараттарында көлемі 23,6 x 15,8 мм болатын матрица қолданылады. Ал, Canon фирмасы көпшілік қолды фотоаппараттарында 22,2 x 14,8 мм көлемді матрица қолданды. Ал, кәсіби санаттағы Canon ЕОS 1d камерасында көлемі 28,7 x 19,1 мм болатын матрица тұр. Көріп отырсыздар, бұлардың бәрінің матрицаларының көлемі пленкадағы 24х36 кадрдың көлемінен кіші. Сондықтан мамандар бұл форматты кроп-формат деп атайды. Цифрлы айналы аппараттардарда кәдімгі кіші формат (фулл-формат) та бар. Мысалы нағыз кәсіби фотографтардың құралы Nikon D3, Canon EOS 1 ds фотоаппараттарында 36 x 24 мм көлемді матрицалар қолданылады. Бұндай «ойыншықтар» - фотоны үлкен табыс табудың көзіне айналдырған нағыз көкжал фотографтардыкі. Олардың бағасы кемінде 4-5 мың доллардан басталады, бұл тек корпусының бағасы. Оларға қолданылатын обьективтердің ең арзаны 500-600 доллардың үстінде.

Цифрлы фотоаппараттардың да орта форматтылары бар. Бірақ, бұл жазып отырғандарымыз әуесқой фотографтарға арналғандықтан, бағасы ең арзаны 10 мың, кейбіреуінікі 40 мың доллар тұратын бұндай «ойыншықтарды» бұл жерде сөз қылып қажеті жоқ шығар.

Енді объективтерге қайта оралайық. Өйткені, объективтердің ең негізгі көрсеткіші – фокустық арақашықтығын (фокусное расстояние) ең алдымен пленкалы кіші форматтан, 24х36 кадрдан бастап түсіндіру керек болып тұр. Жасы егдеріп қалған маған цифрлы технологияның өлшемдерін жатық тілмен түсіндіру қиын, сондықтан өзіме үйреншікті жолмен түсіндіргім келіп тұр. Фотографты күнделікті тұтынатын бұйым ретінде пайдаланатындар менің бұл жазбаларымды оқымайды да, өйткені, оларға бұны біліп керегі де жоқ. Олар компакт-камераны алады дағы, керек жаққа бағыттап, тетігін баса береді. Ал, «ертең фотомен шындап айналысамын, тек альбом үшін ғана емес, өзім осы хоббидан жан ләззатын алуым үшін, елге көрсету үшін түсіремін» деген әуесқойларға осылай түсіндірген дұрыс болар.

Фокустық қашықтық (Ф.Қ.) деген не? Ол – объективтің көп линзалары арқылы өтетін сәулелердің бір жерге келіп түйісетін нүктесінен пленкаға (матрицаға) дейінгі қашықтық. Егер кез-келген объективті алып қарасаңыз, онда 2/50, 2,8/50, 3,5/35 деген сияқты сипаттамаларды таба аласыз. Бұлардағы 50, 35, 28 дегендер – сол біз айтпақ болып отырған фокустық қашықтықтар. Айналы фотоаппараттардың ауыстырып салатын объективтерінің фокустық қашықтықтары 8 миллиметрден басталып, 600-1000 миллиметрге дейін кете береді. Пленкалы фотоаппаратқа фокустық қашықтығы 50 мм объектив салып қарасаңыз, ондай объектив арқылы көргеніңіз сәл-сәл алыстаған сияқты болғанымен кәдімгі көзбен қарағандағыдан көп өзгере қоймайды. Сондықтан бұндай объективтерді қалыпты (нормальный) объективтер деп атайды. Ондай объективтердің Ф.Қ. 40-60 мм арасында. Егер аппаратқа Ф.Қ. 35 мм объектив салсаңыз, түсірем деген нысанаңыз сізден едәуір қашықтап кетеді, бірақ, бұрынғыдай емес, сізге нысанаңыздың айналасынан да көп аумақ көрінеді. Яғни, объективтің қамту бұрышы кеңейеді. Бұндай объективті кеңбұрышты (широкоугольный) деп атайды. Объективтің Ф.Қ. кіші болған сайын оның қамту бұрышы кеңейе түседі. Бұндай объективтер пейзаж түсіруге, тар жерде суретке түсіруге қолайлы.

Егер объективтің Ф.Қ. 50 миллиметрден көп болатын болса, оның қамту бұрышы тарыла түседі, бірақ, түсіретін нысанаңыз сізге жақындай түскендей болады. Ондай объектив телеобъектив деп аталады. Алыс тұрған нысананы жақындатып түсіру үшін осындай телеобъектив қолданылады. Спортты, аң-құсты түсірумен әуестенушілерге керегі – осы. Ондай объективтердің Ф.Қ. 100 миллиметрден жоғары болып келеді.

Бұл айтқандарымыз кадр көлемі 24х36 мм болып келетін кіші форматты камераларға қатысты. Матрицасының көлемі одан кіші болса, бұл өлшемдерге басқаша қарауға тура келеді. Бұндай айырмашылықты мамандар «кроп-фактор» деп атайды. Мысалы, Nikon фирмасының цифрлы айналы фотоаппараттарының кәдімгі 24х36 форматқа қарағандағы кроп-факторы – 1,5 деп алынады. Сонда мынадай есеп жүргіземіз: Ф.Қ. х 1,5 = цифрлы матрицаға арналған Ф.Қ. Айталық, кәдімгі 50 мм объектив цифрлы аппарат үшін 75 мм объективтің, 28 мм объектив 32 мм объективтің орына жүреді.

Бір ғана фокустық қашықтықта түсіретін объективтерді фикс-фокус деп атайды. Әрі алыстатып, әрі жақындатып түсіретін, Ф.Қ. ауысып тұратын объективтерді зумм-объектив деп аталады. Соңғылары қолдануға ыңғайлы, өйткені бір өзі бірнеше объективтің орнына жүре алады. Қазіргі айналы фотоаппараттардың бәрі дерлік осындай объективтермен жабдықталуда.

Жалғасы бар.

среда, 3 октября 2007 г.

ФОТОӘУЕСҚОЙ

Фотоәуесқой

Фотоаппарат бүгінде таңсық емес. Біздер жаңа айналысып жүрген 70-жылдары фотоаппарат ұстаған адамға айналасындағылар қызыға қарайтын. Қазір ол күнделікті тұтынатын нәрсеге айналып кетті. Бірақ, оған қарап елдің бәрі фотограф болып кетті деуге бола қоймас. Көбіміз әйтеуір бет-бейнеміз көрінгенге мәзбіз. Ал, шынымен жақсы сурет түсіруге шеберлік керек.

Бұл мақаламда «фотоаппаратураны қалай жақсы меңгеріп алуға болады» деген сұраққа жауап беріп көрмекпін. Әрине, техника ғалымы емеспін, бірақ, отыз жылдық журналистік жолымда фотоаппаратты айырылмас серік еткен тәжірибелі суретші ретінде, жастарға айтарым, аз да болса үйретерім бар шығар.

Осы жерде оқырмандарымыздан алдын-ала кешірім сұрауға тура келеді, көптеген техникалық терминдердің қазақша баламалары жоқ, кейбірі мүмкін бар да шығар, бірақ ауызекі тілге таралмағандықтан білмей де қалуымыз мүмкін. Сондықтан көп нәрсені бұрынғыша қалыптасқан орысша атауларымен атауға тура келеді.

Фотоаппарат мынадай негізгі бөліктерден тұрады: корпус, затвор, объектив. Корпустың не екендігі түсінікті. Обьективті де білеміз. Бірақ, оған кеңірек сипаттама бере кету керек шығар. Объектив – табиғаттағы нысанның (адам, аң-құс, өсімдік, тау-тас, т.т.) кішірейген кескінін пленкаға немесе бүгінгі цифрлы фотоаппараттардағы матрицаға жеткізетін бірнеше лупа сынды әйнектерден тұратын зат. Онсыз фотоаппарат болмайды. Рас, ең алғашқы фотокамера линзасыз болған, ол – камера-обскура болатын. Оны қазір де пин-хол деген атпен шығаратын көрінеді (pin-hole – объективтің орнында тесігі бар камера деген ұғымды білдіреді. Фотоаппараттың ең алғашқы нұсқасы осындай болыпты. Ол – іші шымқай қара түске боялған қорап. Бір қабырғасында фотоэмульсия жалатылған әйнек, оған қарама-қарсы екінші қабырғасында диаметрі 3 мм шамасында тесік бар). Фотоаппаратура жаңадан пайда бола бастаған кезеңде, ол 19-ғасырдың аяқ кезі болатын, бір-ақ линзалы қарапайым объективтер болды. Бүгіндері ол он немесе одан да көп линзалардан тұратын қымбат та күрделі нәрсеге айналды. Линзалардың сапасына ең соңында біз көріп тамашалайтын суреттің сапасы тікелей тәуелді. Ең арзан фотоаппараттардың линзалары да арзан пластикалық әйнектерден жасалады. Ал ең қымбат обьективтер әйнектің ең жақсы сорттарынан, өте құпия сақталатын рецептілермен пісіріліп, дайындалады. Ондай объективтердің бағасы бірнеше мыңдаған доллармен бағаланады. Рас, егер суретті кішкентай ғана қылып шығарып, мысалы: 10х15 см. көлемінде, қарайтын болсақ, обьективтің сапасы, соған орай оның арзан-қымбаттығы аса қатты бөлектеніп көріне бермейді. Ал, егер де суретті газет, журналдар үшін түсіретін болсаңыз, фотокөрме жасап, халыққа ұсынатын ниетіңіз болса, тым болмаса, жұртты түсіріп, ақша табатын кәсіп қылғыңыз келсе, онда фотоаппаратыңыз да, объективіңіз де жақсы, сапалы болуы тиіс. Алдын-ала құлаққағыс қыла кеткен артық болмас. Фотографтар арасында «Егер досыңды шығынға батырғың келсе, оған фотоаппарат сыйла» деген сөз бар. Бұл өте қымбат хобби. Бұл өнермен шындап айналысқан адам оны ақша табатын кәсіпке айналдыра алмаса, немесе, жақсы жалақы алатын басқа бір күнкөріс көзі болмаса, ақыр түбінде тақырға отырып қалады.

Жалғасы бар

Ақылдасайық

Фотосуретке түсіруді өнер деп қабылдауға бола ма?

Меніңше, болады және қабылдау керек.

Фотосуретті түсіру қиын емес, фотоаппаратты бағыттап, тетігін басса болды. Оны кез-келген адам біледі. Бірақ та, сол түсірген сурет оны көрген адамға ой сала ала ма, қандай да бір әсерге бөлей ала ма? Міне, бұл басқа әңгіме, басқа әлем. Бұлай істеу фотоаппарат ұстаған 1000 адамның бесеуінің ғана қолынан келуі мүмкін. Сол бесеудің бәрін де фотоөнерін меңгерген адам, фотошебері деуге бола қоймас. Әнші көп те, нағыз әнші жоқтың қасы деген сияқты. Өз басым, қазақта фотоөнерінің хас шебері көп деп санамаймын. Ілуде біреу ғана. Бұл – қазақтар суретке түсіре алмайды деген сөз емес. Мәселе, қазақтар өз менталитетінде фотоны өнер деп санамайтындығында. Әншілік, күйшілік, жыршылық сияқты халықтық өнерлерді құдай қазақтың қанына сіңіріп жаратқан. Живопись, балет, опера дегендерді кейінгі жүзжылдықта ғана өнер деп қабылдадық. Алайда, фотоны орыстардың өзі өткен ғасырдың 50-60-жылдарына дейін өнер ретінде санамай келді. Санағанда да оны өнердің техникалық түрі деген санатына жатқыза қабылдады. Бізде оны әлі күнге дейін осылай түсінеді, яғни, фотосуретші – компьютер жөндеуші, шөпір, байланысшы, электрик сияқты техника тілін меңгерген, сол арқылы өмірдегі құбылысты қағазға бейнелеп шығаратын шебер ғана деген ұғым басым. Сондықтан да қазақтар арасында бұл кәсіппен шындап айналысып, түбіне жеткізуге, өзін мойындатуға талпынушылар аз, сирек-ау сирек.

Табиғатында талантты біздің халықтың атағы әлемге тараған ақындары да, жазушылары да, әнші-бишілері де, тіпті, журналистері де баршылық. Бірақ, ондай фотожурналистері жоқ. Фотоөнерінің мойындатқан шеберлері жоқ. Өз басым, ондай таланттылар бар, олар жастардың арасында, олар өзін-өзі таба алмай жүр деп санаймын. Ендеше, фотоөнеріне әуес замандастар, келіңіздер, осындай жастарды бірігіп іздейік, бірігіп баулиық, бірімізді біріміз көтеріп, арамыздан үздіктерді шығарайық. Фотоөнерін халқымызға насихаттайық, сөйтіп, өзімізге аудитория жасақтайық. Осы өнерді халықтық ете алсақ, тым болмаса осының басын бастап, үлкен істі шамамыз келгенше қозғай алсақ, бүгін болмаса жақын болашақта біз бір үлкен қауым бола аламыз. Сонда біздің өнерімізді тұтынушылар да, бағалаушылар да, сатып алып, табыс түсірушілер де көбейетін болады. Менің Сіздерге айтайын дегенім осы еді.

Үн қосыңыздар, ақылдасайық...

вторник, 2 октября 2007 г.

Келіңіздер, танысайық.

Менің атым - Айсағали. Маңғыстаулықпын. Кәсібім - журналист, соның ішінде - фотожурналист. Жасым көпшілігіңізден үлкен шығар деп жобалаймын, 49-дамын. Бірақ, компьютерді жақсы көремін. Интернет ақтарып отырып, жеке блог ашу мүмкіндігі туралы хабарға кезіктім де, бірінші рет осындай қадам жасап отырмын. Алдымен, осындай кіріспеден бастауды жөн көріп отырмын. Бара-бара басқа тақырыптарды да қаузайтын шығармыз. Фотожурналист болғасын, фото өнері туралы көбірек қозғайтын болармын. Келесі кездескенше!

Мен туралы

Айсағали Қыдыр, фотожурналист, облыстық "Маңғыстау" газетінде жұмыс істейді.
Powered By Blogger

Фотожурналистің блогы сізді қызықтырар ма еді?