вторник, 30 октября 2007 г.

Әлемге танылған фотошебер Мэлс Елеусін Ақтауда



Әлемге танылған фотошебер

Мэлс Елеусін Ақтауда көрмесін өткізді

Ақтауда «Әлем» арт-галереясында белгілі фотошебер, Халықаралық фотоөнер федерациясының, Еуропа фотоөнер қоғамының мүшесі, қазақтан шыққан бірінші дипломды фотожурналист Мэлс Елеусіннің «Қазақ елі» атты көшпелі фотокөрмесі өтті. Бірнеше халықаралық конкурстың лауреаты болған, туындылары шетелдердегі ең беделді басылымдарда жарияланған, он жылдың үстінде Кеңес Одағының телеграф агенттігінде (ТАСС) Орта Азия бойынша тілшісі болып қызмет істеген, осы кәсіпке бүкіл ғұмырын арнаған Мэлс ағамызбен осы көрме барысында сұхбаттастық.

-Мэлс аға, естуімізше, Адай ата ұрпағы көрінесіз. Осы рас па?

-Рас. «Адай ата кесенесі ашылады» деген хабардың мені Алматыдан ат терлетіп осында алып келгені де содан шығар. Сол тойдан түсірілген алты сурет осы көрмеде тұр. Олжашы Жеменеймін. Әкем Ақтөбенің Байғанин ауданынан Қарақалпақ жеріне қоныс аударып, сонда малшыдан бастап министр дәрежесіне дейін көтерілген. Мен тоғыз баланың ең соңғысы болып, 1940-жылы дүниеге келіппін. Содан бері атакүлдікке бірінші рет аяқ басып отыр екенмін. Шүкір, бұл жақтан да ағайын-жегжаттарымды тауып алып, мәре-сәре болып жатырмын.

-Фотожурналистік кәсіпке қалай келгеніңізді, одан бергі шығармашылық жолыңызға қысқаша бір шолу жасап өтейікші?

-Фотоаппаратты қолыма ерте ұстадым. Мектеп қабырғасында жүріп шұғылдана бастадым. Ол жылдары мектеп оқушыларын мақта теруге жіберетін. Сондайдан тапқан бірінші табысыма фотоаппарат сатып алыппын. Содан бері қолымнан фотоаппарат түскен емес. Нөкіс Мемлекеттік университетін, одан соң Мәскеудегі Бүкілодақтық фотоөнер академиясын бітіріп шықтым. ТАСС-тың Орта Азия бойынша тілшісі болдым. Кейіннен Алматыға қоныс аударып, ҚазТАГ-та, белді-белді республикалық газет-журналдарда жұмыс істедім. Қазір «Қазақстан темір жолы»Ұлттық компаниясының «Магистраль» журналында жұмыс істеп келемін. Басқа кәсіп істеп көргенім жоқ, өмірлік серік еткенім – осы болды.

-Кезінде Италияда шығарылған «Ғасыр кітабы» атты басылымға енген Сіздің суреттеріңіз әлемдік деңгейде жоғары бағаланды. Қазақ фотожурналистикасында осыншама құрметке ие болған бірінші қазақ Сіз екенсіз. Шетелдік талғампаз, талапшыл сарапшыларға танылуыңыз қалай болды?

-«20 ғасырдың таңдаулы фотошеберлері» атағы үшін сол конкурсқа әлемнің 50 елінен түскен 1670 суреттен тек 260-ы ғана іріктеліп алынып, сол басылымға енді. Менің «Арал тағдыры – адамзат тағдыры» атты сериям жоғары бағаланып, маған «20-ғасырдың таңдаулы фотошебері» атағы берілді. Одан бұрын да, кейіннен Германия, Австрия, Нидерланды, Англия, басқа да елдердің айтулы-айтулы басылымдары суреттерімді жариялады, көрмелерге қойды. Алайда, өз басым шет елдерге шыға алмадым, суреттерім ғана шығып жатты. Өйткені, табиғаттан дарыған қарапайымдылық атақ үшін, ақша үшін жан алысып, жан беріскен додаларға түсіртпеді, жұлқынып шығып, кеуде көрсеткізбеді. Қаншама танымал журналист болсам да тапқан табысым күнкөрісіме ғана жетіп жататын. Әлі солай болып келеді.

-Ақшаға байланысты бір сұрағымды жол-жөнекей қыстыра кетейін. Фотоны бизнеске айналдырмасқа болмайды, онсыз күн көре алмайсың деген қағида бар. Сіз олай деп ойламайсыз ба?

-Дұрыс қағида. Шындығы солай. Бірақ, қай жерде де адамдық келбетіңді ұмытуға болмайды. Сататын болсаң, өзіңе ұнайтын, сапалы, эстетикалық талғамға толық жауап бере алатын, көрген адам сүйсінетін суретіңді сат. Яғни, тұтынушыға сапалы тауар ұсын. Ақшаға құнығып кетуге болмайды, ол жақсылыққа апармайды. Мен пейзажист емеспін, фоторепортермін. Бұл жанрдағы суреттерді жеке адамдар сатып алмайды. Ал, қазіргі басылымдар негізінен жарнамалық бағыттағы және тапсырыспен түсірілген суреттерге әуес. Ал, мен өзімді толғандырған немесе қызықтырған, сезім қылын шерткен тақырыптарды ғана қозғағанды ұнатамын. Өзім жақтырмаған тақырыпқа бара алмаймын.

-Сіздің бүгінгі көрмеңізде Елбасы бейнеленген суреттер көп екен. Бұл жәйдан-жай емес шығар?

-Біз – құрдас адамдармыз. Ол кісіні әуелден білемін, жақсы көремін және сыйлаймын. Кейбір отбасы мерекелерін суретке түсіруді тек маған тапсырып жүрді. Кезінде Н.Хрущевті де, Л.Брежневті де, М.Горбачев, Б.Ельцин, С.Демирель, Ш.Рашидов сияқты әлемге танымал саясат серкелерін де суретке түсірдім, кейбірімен жақын танысып, сөйлестім де. Бірақ, мен үшін Дінмұхамед Қонаев ақсақал мен Нұрекеңнің орны бөлек. Адами тұлғасымен бөлек. Менің бұл көрмем «Қазақ елі» деп аталады. Ал, қазіргі заманғы қазақ елі үшін Назарбаевтай еңбек сіңірген кім бар?

-Президент Назарбаев емес, қарапайым Нұрекең өмірде қандай адам? Оқырманымызға қызықты болар, осы жағын бір әңгіме қылсаңыз, жақсы болар еді.

-Тіпті қарапайым да кішіпейіл. Суретке түсіретін кезде «Қалай тұрайын, қай жерге тұрайын» деп те сұрап жататын. Кісімен үлкен-кіші демей жақсы әңгімелеседі, мұқият тыңдайды, жарасымды әзілдейді. Оның біреуді не бірдемені жақтырмай томсырайып жүргенін көрген емеспін. Балажан, тарих-шежіреге құмар, өнерді түсінетін, жақсы көретін адам.

-Фотожурналистік жолыңызда қатты өкінген, опық жеген сәттеріңіз болды ма?

-Ондай жекелеген сәттер толып жатыр. Кейбір сәттерді қапы жіберіп, дәл қажет секундында суретке түсіре алмай қалған кезде жүрегің шаншып кетеді. Бәрінен де керемет сәтті түсірілген, шетелдік басылымдар аса жоғары бағалаған суреттердің пленкасынан айырылып қалған жаман. Сондайда шал басыңмен еңіреп жылағың келеді. Мен де бірнеше қайталанбас кадрларымнан айырылып қалдым. Бірақ, тұтастай алғанда менің өмір жолым осылай қалыптасқанына тіпті де өкінбеймін. Шындығына келсек, фотожурналистің еңбегі тым ауыр, кезінде бір ғана кадр үшін мыңдаған шақырым жол жүріп жүрдік. Бірақ, сол еңбегіміз үшін алатын жалақымыз тым аз болды. Сонда да сол бір ғана кадр сәтті түсірілсе, соған марқайып, жалымыз күдірейіп жүретін. Рас, осыншама ауыр еңбекпен мен байып кете алмадым, балаларыма мұра қылып, тастап кетер жеке коттеджім де, қымбат көлігім де, бір компаниялардағы акцияларым да жоқ. Әлі күнге төрт бала, үш немереммен, жұбайыммен баяғы «хрущевкада» тұрамыз. Бірақ, мен атыма кір келтірмей, адал еңбекпен жиған азғантай мал-мүлкіме қанағаттымын. Асымда адал іштім, ақшамды адалға жұмсадым, балаларымды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиеледім. Бәрі де қазір ел қатарлы адал еңбек етіп жүр. Біреуі жолымды қуып газетте фототілші болып жұмыс істейді. Жақсы адамдардың жанында жүрдім, жақсылыққа жаршы, табиғатқа жанашыр болдым. Сондықтан, өмірде опық жедім деп айтпаймын.

***

Аталмыш көрмеге түгелге жуық репортаж жанрына жататын жүзшақты суреті қойылыпты. Сонау 60-жылдары түсірілген суреттерімен қоса кеше ғана өткен Адай ата тойы бейнелеген суреттер де бар. Осы суреттердің өзі фотошебердің өмір жолы туралы шыншыл сыр шертіп тұр.

Мэлс Жанжігітұлының жасы жетпіске жақындаса да өңі жас, қимылы ширақ, елгезек екен. Кісімен ашық, жылы сөйлеседі. Қоштасар сәтте: «Маңғыстауға бірінші рет келуім болса да туған үйіме келгендей әсер алып отырмын. Алла тағала бұйыртса, әлі талай келермін. Оқырмандарыңызға сәлем айтыңыз, баршасына аманшылық, табыс, мәнді де мазмұнды, жарасымға толы ғұмыр тілеймін» деп, иығымнан қағып, қолымды қысты.

Айсағали ҚЫДЫР.

1 комментарий:

Nurbolat Amanzhol комментирует...

Айсагали ага, ассалаумагалейкум. Бул Алматыда Айкында жумыс жасайтын Нурболат ининиз гой. Сизге хабарласайын деп ем, адрес, телефонынызды таба алмай койдым. Маган хабарлассаныз екен!
Калган буйымтайды сол кезде айтайын... Нурболат. nur86_17@mail.ru

Мен туралы

Айсағали Қыдыр, фотожурналист, облыстық "Маңғыстау" газетінде жұмыс істейді.
Powered By Blogger

Фотожурналистің блогы сізді қызықтырар ма еді?