среда, 3 октября 2007 г.

Ақылдасайық

Фотосуретке түсіруді өнер деп қабылдауға бола ма?

Меніңше, болады және қабылдау керек.

Фотосуретті түсіру қиын емес, фотоаппаратты бағыттап, тетігін басса болды. Оны кез-келген адам біледі. Бірақ та, сол түсірген сурет оны көрген адамға ой сала ала ма, қандай да бір әсерге бөлей ала ма? Міне, бұл басқа әңгіме, басқа әлем. Бұлай істеу фотоаппарат ұстаған 1000 адамның бесеуінің ғана қолынан келуі мүмкін. Сол бесеудің бәрін де фотоөнерін меңгерген адам, фотошебері деуге бола қоймас. Әнші көп те, нағыз әнші жоқтың қасы деген сияқты. Өз басым, қазақта фотоөнерінің хас шебері көп деп санамаймын. Ілуде біреу ғана. Бұл – қазақтар суретке түсіре алмайды деген сөз емес. Мәселе, қазақтар өз менталитетінде фотоны өнер деп санамайтындығында. Әншілік, күйшілік, жыршылық сияқты халықтық өнерлерді құдай қазақтың қанына сіңіріп жаратқан. Живопись, балет, опера дегендерді кейінгі жүзжылдықта ғана өнер деп қабылдадық. Алайда, фотоны орыстардың өзі өткен ғасырдың 50-60-жылдарына дейін өнер ретінде санамай келді. Санағанда да оны өнердің техникалық түрі деген санатына жатқыза қабылдады. Бізде оны әлі күнге дейін осылай түсінеді, яғни, фотосуретші – компьютер жөндеуші, шөпір, байланысшы, электрик сияқты техника тілін меңгерген, сол арқылы өмірдегі құбылысты қағазға бейнелеп шығаратын шебер ғана деген ұғым басым. Сондықтан да қазақтар арасында бұл кәсіппен шындап айналысып, түбіне жеткізуге, өзін мойындатуға талпынушылар аз, сирек-ау сирек.

Табиғатында талантты біздің халықтың атағы әлемге тараған ақындары да, жазушылары да, әнші-бишілері де, тіпті, журналистері де баршылық. Бірақ, ондай фотожурналистері жоқ. Фотоөнерінің мойындатқан шеберлері жоқ. Өз басым, ондай таланттылар бар, олар жастардың арасында, олар өзін-өзі таба алмай жүр деп санаймын. Ендеше, фотоөнеріне әуес замандастар, келіңіздер, осындай жастарды бірігіп іздейік, бірігіп баулиық, бірімізді біріміз көтеріп, арамыздан үздіктерді шығарайық. Фотоөнерін халқымызға насихаттайық, сөйтіп, өзімізге аудитория жасақтайық. Осы өнерді халықтық ете алсақ, тым болмаса осының басын бастап, үлкен істі шамамыз келгенше қозғай алсақ, бүгін болмаса жақын болашақта біз бір үлкен қауым бола аламыз. Сонда біздің өнерімізді тұтынушылар да, бағалаушылар да, сатып алып, табыс түсірушілер де көбейетін болады. Менің Сіздерге айтайын дегенім осы еді.

Үн қосыңыздар, ақылдасайық...

4 комментария:

Асхат Еркімбай комментирует...

Блогыңыздың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Өзге де әріптестеріңізге үлгі боларсыз деген ойдамын. Жеке өз басымды фотоөнер қатты қызықтырады. Және суретке түсірудің қыр-сырын (фотоаппарат таңдаудан бастап, оны интернетке дұрыс орналастыруға дейін) көрсетіп отырсаңыз, ізбасарларыңызға көрсеткен үлкен жәрдеміңіз болар еді. Сол тәрізді қазақ блогшыларының өздері түсірген суреттеріне де сыни пікір, ұсыныс, тілектеріңізді дер кезінде айтып отырсаңыз жақсы болар деген ойдамын. Сізге сәттілік тілеймін. Блогыңызды қуана-қуана өз блогыма тіркеп қойдым.

Эльвира комментирует...

Мен де қуана қуана тіркедім! Бір өкініштісі қазақша әріптер оқылмайды.. шрифтті Times New Roman-ға ауыстыру керектігінен болар..

Unknown комментирует...

Aisagli aga blogynyz qutty bolsyn!
Okinishtisi qazaqsha ariptr korinbeidi eken:(
Suretter ademi eken keremet
sherqalany korgim kep ketti
Blogynyz gumyrly bolsyn!

saken комментирует...

жақсы фотосурет мектептері қай елде? қалай ойлайсыз?

Мен туралы

Айсағали Қыдыр, фотожурналист, облыстық "Маңғыстау" газетінде жұмыс істейді.
Powered By Blogger

Фотожурналистің блогы сізді қызықтырар ма еді?