среда, 3 октября 2007 г.

ФОТОӘУЕСҚОЙ

Фотоәуесқой

Фотоаппарат бүгінде таңсық емес. Біздер жаңа айналысып жүрген 70-жылдары фотоаппарат ұстаған адамға айналасындағылар қызыға қарайтын. Қазір ол күнделікті тұтынатын нәрсеге айналып кетті. Бірақ, оған қарап елдің бәрі фотограф болып кетті деуге бола қоймас. Көбіміз әйтеуір бет-бейнеміз көрінгенге мәзбіз. Ал, шынымен жақсы сурет түсіруге шеберлік керек.

Бұл мақаламда «фотоаппаратураны қалай жақсы меңгеріп алуға болады» деген сұраққа жауап беріп көрмекпін. Әрине, техника ғалымы емеспін, бірақ, отыз жылдық журналистік жолымда фотоаппаратты айырылмас серік еткен тәжірибелі суретші ретінде, жастарға айтарым, аз да болса үйретерім бар шығар.

Осы жерде оқырмандарымыздан алдын-ала кешірім сұрауға тура келеді, көптеген техникалық терминдердің қазақша баламалары жоқ, кейбірі мүмкін бар да шығар, бірақ ауызекі тілге таралмағандықтан білмей де қалуымыз мүмкін. Сондықтан көп нәрсені бұрынғыша қалыптасқан орысша атауларымен атауға тура келеді.

Фотоаппарат мынадай негізгі бөліктерден тұрады: корпус, затвор, объектив. Корпустың не екендігі түсінікті. Обьективті де білеміз. Бірақ, оған кеңірек сипаттама бере кету керек шығар. Объектив – табиғаттағы нысанның (адам, аң-құс, өсімдік, тау-тас, т.т.) кішірейген кескінін пленкаға немесе бүгінгі цифрлы фотоаппараттардағы матрицаға жеткізетін бірнеше лупа сынды әйнектерден тұратын зат. Онсыз фотоаппарат болмайды. Рас, ең алғашқы фотокамера линзасыз болған, ол – камера-обскура болатын. Оны қазір де пин-хол деген атпен шығаратын көрінеді (pin-hole – объективтің орнында тесігі бар камера деген ұғымды білдіреді. Фотоаппараттың ең алғашқы нұсқасы осындай болыпты. Ол – іші шымқай қара түске боялған қорап. Бір қабырғасында фотоэмульсия жалатылған әйнек, оған қарама-қарсы екінші қабырғасында диаметрі 3 мм шамасында тесік бар). Фотоаппаратура жаңадан пайда бола бастаған кезеңде, ол 19-ғасырдың аяқ кезі болатын, бір-ақ линзалы қарапайым объективтер болды. Бүгіндері ол он немесе одан да көп линзалардан тұратын қымбат та күрделі нәрсеге айналды. Линзалардың сапасына ең соңында біз көріп тамашалайтын суреттің сапасы тікелей тәуелді. Ең арзан фотоаппараттардың линзалары да арзан пластикалық әйнектерден жасалады. Ал ең қымбат обьективтер әйнектің ең жақсы сорттарынан, өте құпия сақталатын рецептілермен пісіріліп, дайындалады. Ондай объективтердің бағасы бірнеше мыңдаған доллармен бағаланады. Рас, егер суретті кішкентай ғана қылып шығарып, мысалы: 10х15 см. көлемінде, қарайтын болсақ, обьективтің сапасы, соған орай оның арзан-қымбаттығы аса қатты бөлектеніп көріне бермейді. Ал, егер де суретті газет, журналдар үшін түсіретін болсаңыз, фотокөрме жасап, халыққа ұсынатын ниетіңіз болса, тым болмаса, жұртты түсіріп, ақша табатын кәсіп қылғыңыз келсе, онда фотоаппаратыңыз да, объективіңіз де жақсы, сапалы болуы тиіс. Алдын-ала құлаққағыс қыла кеткен артық болмас. Фотографтар арасында «Егер досыңды шығынға батырғың келсе, оған фотоаппарат сыйла» деген сөз бар. Бұл өте қымбат хобби. Бұл өнермен шындап айналысқан адам оны ақша табатын кәсіпке айналдыра алмаса, немесе, жақсы жалақы алатын басқа бір күнкөріс көзі болмаса, ақыр түбінде тақырға отырып қалады.

Жалғасы бар

4 комментария:

Асхат Еркімбай комментирует...

Өте қызық екен. Таяуда бір фотоаппарат алсам ба деймін. Қандай маркасы жақсы? Canon, Olimpus т.с.с айырмашылықтары неде? Пиксельдер суреттердің сапасына қалай әсер етеді?

Айсағали комментирует...

Фотоаппарат таңдамастан бұрын оны қангдай мақсатпен алмақ болып отырғаныңызды білуіңіз керек. Егер Сіз оны отбасыңыздың не өзіңіздің көрген қызықтарыңызды есте қалдыру үшін, басқаша айтқанда, үйдегі фотоальбом үшін суретке түсіру мақсатымен алмақ болсаңыз, ауызекі тілде «мыльница» деп аталып жүрген кішкентай koмпакт-камералар қолайлы. Ондай жағдайда пиксельдердің аз-көптігінің айтарлықтай мәні шамалы. Аса үлкен қылып үлкейтіп шығармайтын болсаңыз 4 миллион пиксель де жарайды. Жалпы, 5-6 миллион пиксель фотоәуесқойлардың қай қажетін де өтей алады. Қандай маркасы жақсы дегенге келсек, бүгінде марканың атының өзі ақша. Белгілі, атақты фирмалардың өнімі белгісіздеу, екінші қатардағы фирманың дәл сондай тауарынан қымбаттау тұрады. Менің қызым үш жылдан бері Pentax маркалы фотоаппаратты ұстап жүр, сапасына реніш жоқ, кішкентай болса да, үлкен көмекші болып келеді. Nikon, Canon mаркалы фотоаппараттар үлкен сұранысқа ие.
Егер Сіз оны табыс табу мақсатымен сатып алмақ болсаңыз, жауап біреу – айналы (зеркальный) фотоаппарат. Оның объективтерін қажеттілікке орай ауыстырып салуға болады, сапасы жақсы. Бірақ, ондай фотоаппараттар қымбат тұрады және компакт-камерадан көп үлкен және ауыр болады.
Егер ақшадан тарлық көріп жүрмесем, болашақта суретке түсіруді нағыз хоббиге айналдыратын ойым болса мен өз басым бірден айналы фотоаппарат алар едім. Nikon не Canon немесе Pentax…

Асхат Еркімбай комментирует...

Көп рахмет.

saken комментирует...

никон д80 ге қызығып жүрмін, аға. начинающий любительге қандай аппарат. пікіріңіз қандай?

Мен туралы

Айсағали Қыдыр, фотожурналист, облыстық "Маңғыстау" газетінде жұмыс істейді.
Powered By Blogger

Фотожурналистің блогы сізді қызықтырар ма еді?